Англия әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

Англия тарихи қолаға қол жеткізсе, Мбаппе рекорд жаңартты.

Англия әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін өткен Франция мен Англия арасындағы матч жанкүйерлерге нағыз шоу сыйлады. Майамиде өткен тартысты кездесуде ағылшындар 6:4 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы қола медалін иеленді.

Англия алғашқы таймда қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Есеп 3-минутта Деклан Райстың алыстан дәл соққысынан кейін ашылды. Кейін Эзри Конса бұрыштамадан кейін баспен гол соғып, басымдықты арттырды. Артынша Букайо Сака Маркус Рэшфордтың пасынан көзге түссе, бірінші таймға қосылған уақытта дубль авторы атанып, есепті 4:0-ге жеткізді.

Үзілістен кейін Франция мүлде басқа ойын көрсетті. 48-минутта Килиан Мбаппе есеп айырмасын қысқартса, араға алты минут салып өзі Брадли Барколяның голына нәтижелі пас берді. 66-минутта Майкл Олизенің кезекті пасынан кейін Мбаппе турнирдегі 10-голын соғып, әлем чемпионаттарындағы жеке рекордын жаңартты.

Осылайша Франция шабуылшысы «Алтын бутсы» үшін таласта аргентиналық Лионель Мессиден екі голға алға шықты. Сонымен қатар әлем чемпионаттары тарихындағы голдар саны бойынша да көш бастады. Оның еншісінде 22 гол болса, Мессиде 21 гол бар.

Француздар есепті теңестіруге бірнеше мүмкіндік алғанымен, матч тағдырын 85-минуттағы пенальти шешті. Мало Гюстоның ережені бұзуынан кейін Букайо Сака 11 метрлік айып добын сәтті орындап, хет-трик рәсімдеді. Қосымша уақытта Усман Дембеле бір голмен жауап бергенімен, Джуд Беллингем Англияның алтыншы добын соғып, қорытынды есепті 6:4 етіп белгіледі.

Бұл кездесу Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам үшін ұлттық құрамадағы соңғы ойын болды. Ол команданы 14 жыл бойы жаттықтырды. Француз маманының орнына Зинедин Зидан келуі мүмкін деген ақпарат тарауда.

Англия осылайша 2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалындағы жеңіліс үшін Франциядан есе қайтарды және өз тарихындағы алғашқы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Ал 2026 жылғы мундиалда енді бір ғана кездесу қалды - Испания мен Аргентина арасындағы финал. Финал алдында әлем чемпионатының жабылу салтанаты өтсе, үзіліс кезінде алғаш рет Super Bowl стиліндегі музыкалық шоу ұйымдастырылады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу