Испания мен Аргентина әлем чемпионы атағы үшін таласады

Сарапшылардың пікірінше бүгінгі финалдың фавориті - Испания құрамасы.

Испания мен Аргентина әлем чемпионы атағы үшін таласады ашық дереккөзден

Бүгін 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетпек. Турнир барысында өткен 103 кездесуден кейін жанкүйерлерді ең маңызды матч күтіп тұр. Финалда Испания мен Аргентина құрамалары кездесіп, әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Кездесу 19-шілдеден 20-шілдеге қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де басталады. Матчтың бас төрешісі - словениялық Славко Винчич. Финал АҚШ-тың Ист-Рутерфорд қаласындағы «Нью-Йорк - Нью-Джерси» стадионында өтеді.

Испания құрамасы 2010 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Сол жылы Андрес Иньестаның голының арқасында Нидерландыны жеңіп, өз тарихындағы алғашқы әлем чемпиондығын жеңіп алған еді. Кейінгі мундиальдарда испаниялықтар сәтсіз өнер көрсеткенімен, бұл жолы Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері жоғары деңгейдегі ойын өрнегін паш етуде. 

Топтық кезеңде бірінші орын алған «Қызыл фурия» плей-оффта Аустрияны (3:0), Португалияны (1:0), Бельгияны (2:1) және жартылай финалда Францияны (2:0) тізе бүктірді. Оған қоса Испания осы турнирде небәрі бір ғана гол жіберіп алды.

Ал қазіргі әлем чемпионы Аргентина да топтық кезеңді үш жеңіспен аяқтап, топтан бірінші орынмен шықты. Кейін Кабо-Вердені (3:2), Мысырды (3:2), Швейцарияны (3:2) және жартылай финалда Англияны (2:1) жеңіп, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді.

Англияға қарсы кездесуде Лионель Скалонидің командасы матчтың 85-минутына дейін жеңіліп жатқанымен, Энцо Фернандес есепті теңестіріп, ал қосымша уақытта Лаутаро Мартинес жеңіс голын соқты.

Финалдағы басты назар тағы да Лионель Мессиге ауады. Аргентина капитаны мансабында үшінші рет әлем чемпионатының финалында ойнайды. Мұндай көрсеткішке футбол тарихында санаулы ғана ойыншы қол жеткізген.

Сонымен қатар Месси үздік сұрмергендер жарысында да күресті жалғастырады. Қазір оның еншісінде сегіз гол бар. Алайда үшінші орын үшін өткен матчта дубль жасаған Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе 10 голмен көш бастап тұр.

Сарапшылардың басым бөлігі Испанияны финалдың фавориті деп санайды. Дегенмен Аргентина бұл чемпионатта талай мәрте қиын жағдайдан жол тауып, мінезді команда екенін дәлелдеді.

Екі алып құраманың текетіресі әлем чемпионатының шымылдығын әсерлі түрде жабары анық. Испания екінші мәрте әлем чемпионы атануды көздесе, Аргентина өз чемпиондық атағын қорғауға ниетті. Сондықтан жанкүйерлерді тартысқа толы тарихи финал күтіп тұр. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу