Жібек Құламбаева әлемдік рейтингте 38 сатыға жоғарылайды
Жібек Құламбаева өз мансабында алғаш рет WTA 250 санатындағы турнирдің финалында өнер көрсетті.
ашық дереккөзден
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Румынияның Яссы қаласында өткен WTA 250 санатындағы турнирдің жұптық сынында финалға дейін жетіп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.
Финалда қазақстандық спортшы армениялық Алина Чараевамен бірге үшінші нөмірмен тіркелген чехиялық Анастасия Детюк пен ресейлік Ирина Хромачева жұбымен кездесті.
Тартысты өткен матч 1 сағат 30 минутқа созылып, екі сет пен чемпиондық тай-брейкте аяқталды. Құламбаева мен Чараева алғашқы сетті 6:4 есебімен жеңгенімен, кейінгі екі кезеңде қарсыластарына есе жіберді - 2:6, 5:10.
Кездесу барысында Жібек пен оның жұбы эйс жасай алған жоқ. Бір қос қателікке жол беріп, бес брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, 26 жастағы Жібек Құламбаева өз мансабында алғаш рет WTA 250 санатындағы турнирдің финалына шықты. Бұл нәтиженің арқасында ол рейтингтік ұпай қорын толықтырып, WTA жұптық рейтингінде шамамен 38 сатыға жоғарылайды.