Испания екі дүркін әлем чемпионы атанды
Әлем чемпионатының кубогы Мадридке бет алды.
ашық дереккөзден
Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Финалда Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері қазіргі әлем чемпионы Аргентинаны қосымша уақыттағы жалғыз голдың арқасында 1:0 есебімен жеңді.
Финалға дейін 37 матч бойы жеңілмеген Испания бұл кездесуде де өзінің мықтылығын дәлелдеді. Турнирдің басты фавориті саналған «қызыл фурия» бүкіл чемпионат бойы көрсеткен жоғары деңгейін шешуші матчта да сақтап қалды. Ал Лионель Месси бастаған Аргентина қатарынан екінші мәрте әлем чемпионы атанып, футбол тарихындағы ұлы құрамалардың қатарына қосылуды мақсат еткен еді. Алайда испаниялықтар олардың жоспарын жүзеге асырмады.
Алғашқы тайм өте тартысты өтті. Испания допты көбірек бақылап, жоғары прессинг ұйымдастырғанымен, Аргентина қорғаныста сауатты ойнап, қарсыласына гол салуға мүмкіндік бере қойған жоқ. Нәтижесінде алғашқы 45 минутта есеп ашылған жоқ.
Екінші таймда ойынның көрінісі айтарлықтай өзгермеді. Испания шабуылдауды жалғастырса, Аргентина қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, матчты пенальти сериясына жеткізуге тырысты. Кездесудің шешуші сәті негізгі уақыттың соңында орын алды. Энцо Фернандес қарсыласына қарсы өрескел ойын көрсетіп, екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осылайша Аргентина матчтың соңғы бөлігін он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды.
Қосымша уақыттың алғашқы бөлігінде екі команда да сақ ойнады. Дегенмен 106-минутта Испания көптен күткен голын соқты. Ламин Ямаль оң қапталдағы Педро Порроға пас берді. Қорғаушы айып алаңына дәл пас асырды. Нико Уильямс допты баспен ортаға түсіріп берді. Ал Ферран Торрес бірден сол аяғымен қақпаның тоғыздығына дәл соққы жасап, матчтағы жалғыз голдың авторы атанды.
Қалған уақытта Аргентина бар күшін шабуылға жұмсады. Эмилиано Мартинес те бірнеше қауіпті сәтте командасын құтқаруға тырысқанымен, есепті өзгерту мүмкін болмады. Мессидің соңғы шабуылдары да нәтиже әкелмеді.
Осылайша Испания әлем чемпионатын бірде-бір жеңіліссіз аяқтап, 2010 жылдан кейін екінші рет әлем чемпионы атанды. Турнир барысында испаниялықтар тек бір ғана гол жіберіп, ұйымдасқан ойынның, сапалы қорғаныстың және тиімді шабуылдың үлгісін көрсетті.
Ал Аргентина өз атағын қорғай алмады. Лионель Месси үшін бұл әлем чемпионатындағы соңғы финал болуы мүмкін.
Жекелей марапаттарда Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе ерекше көзге түсті. Үшінші орын үшін өткен матчта екі гол соғып, турнирдегі гол санын 10-ға жеткізген француз шабуылшысы әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанып, «Алтын бутсыны» иеленді. Осылайша Мбаппе бұл жүлдені екі әлем чемпионатында жеңіп алған тарихтағы алғашқы футболшы атанды. Бұған дейін сұрмергендер бәсекесінде Лионель Месси сегіз голмен алда тұрғанымен, Мбаппенің соңғы матчтағы дублі бұл тартыстың тағдырын толық шешті.