Испанияға 50 миллион доллар: Әлем чемпионатының жүлде қоры рекорд жаңартты
Әлем чемпионатының финалында Испания құрамасы экстратаймда Аргентинаны 1:0 есебімен жеңген болатын.
ашық дереккөзден
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты спорттық тартыспен ғана емес, рекордтық қаржылай сыйақысымен де тарихта қалды. Турнир қорытындысы бойынша Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) қатысушы құрамаларға бұрын-соңды болмаған көлемде сыйақы бөлді.
Биылғы әлем біріншілігінің жалпы жүлде қоры 727 миллион АҚШ долларына жетіп, 2022 жылғы Катардағы мундиальмен салыстырғанда екі еседен астам өсті. Оның 655 миллион доллары тікелей командалардың турнирдегі нәтижесіне қарай үлестіріледі.
Әлем чемпионы атанған Испания құрамасы ең ірі сыйақы - 50 миллион долларды иеленді. Финалда жеңілген Аргентина 33 миллион доллар алса, қола жүлдегер Англияға 29 миллион доллар, ал төртінші орын алған Францияға 27 миллион доллар бұйырды.
Ширек финалға дейін жетіп, турнирді 5-8 орындарда аяқтаған құрамалардың әрқайсысы 19 миллион доллардан алады. Ал 1/8 финалда жарыс жолынан шығып, 9-16 орындарды иеленген командаларға 15 миллион доллардан төленеді.
17-32 орындарға тұрақтаған құрамалар 11 миллион доллардан иеленсе, топтық кезеңнен аса алмаған қалған 16 командаға 9 миллион доллардан беріледі. Осылайша, әлем чемпионатына қатысқан 48 құраманың барлығы қаржылай сыйақыға ие болды.
Бұдан бөлек, ФИФА әрбір ұлттық федерацияға турнирге дайындық шығындарын өтеу үшін қосымша 1,5 миллион доллар бөлді. Сондай-ақ ұйым командалардың бизнес-класпен қайтуына, 50 адамнан тұратын делегацияның қонақүйі мен тамақтануына, сондай-ақ АҚШ, Канада және Мексика аумағындағы ішкі қатынауына толықтай қаржы бөлді.
Айта кетейік, жүлде қаржысы футболшыларға тікелей аударылмайды. Қаражат алдымен ұлттық футбол федерациясының есепшотына түседі. Кейін әр федерация оны өз ережесіне сәйкес ойыншылар, жаттықтырушылар штабы және футболды дамыту бағдарламалары арасында бөледі.