Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмаққа ауысты

Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартты.

Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмаққа ауысты ашық дереккөзден

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан ресми түрде бас тартып, енді суперорта салмақта өнер көрсететінін мәлімдеді.

Жәнібек Әлімханұлы Instagram парақшасында жанкүйерлеріне үндеу жасап, орта салмақтағы кезеңін қорытындылады.

«Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік. Qazaq Style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз. Бұл шешімді АҚШ-тағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып қабылдадық. Бұрыннан айтып жүргеніміздей, бұйыртса, 3-4 салмақтың чемпионы боламыз. Жанкүйерлер, суперорта салмаққа қош келдік!» - деп жазды Әлімханұлы.

Осыған байланысты орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуі уақытша чемпион Дензел Бентлиге өтеді. Жақын арада ұйым оған міндетті қарсыласын тағайындайды.

Ал суперорта салмақтағы WBO чемпионы - Хамза Шираз. WBO ережесіне сәйкес, келесі салмаққа көтерілген чемпион бірден чемпиондық жекпе-жекке үміткер бола алады. Сондықтан Әлімханұлы мен Шираз арасындағы кездесу өткізілуі мүмкін. 

Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері жаңа салмақта әлем чемпионы атану жолындағы жорығын бастайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу