Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтеді
Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысады.
ашық дереккөзден
22-24 шілде күндері Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты ұйымдастырылады.
Үш күнге созылатын жарыста ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сайыстарда, сондай-ақ 4×100 метр және 4×400 метр аралас эстафеталарында жалпы 48 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Чемпионатта ұлттық құраманың көшбасшы спортшылары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мухитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс және Вячеслав Земс бар.
Бұл чемпионаттың нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын құрамы анықталады.
Жарыстың негізгі бағдарламасы Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында өтеді. Ал лақтыру түрлері бойынша сайыстар Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің арнайы секторында ұйымдастырылады.