Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында 22 медаль жеңіп алды
Қазақстан намысын бұл жарыста 111 спортшы қорғап жатыр.
aquatics.kz
Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан су спорт түрлерінен жас ерекшеліктері бойынша XII Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп жатыр. Құрлық біріншілігінде қазақстандық спортшылар әзірге 7 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.
Жарыста жүзу мен суға секіру бәсекелері аяқталды. Қазақстан құрамасы жүзуден 16 медаль (6 алтын, 7 күміс, 3 қола), ал суға секіруден 6 медаль (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) еншіледі.
Қазіргі уақытта су добы мен әртістік жүзуден жарыстар жалғасып жатыр.
Су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы топтық кезеңді сәтті өткізіп, плей-офф кезеңіне шықты. Отандастарымыз Гонконгты 23:3, Шри-Ланканы 32:2, Таиландты 22:2 және Иранды 11:5 есебімен айқын жеңсе, тек Жапония құрамасына 12:14 есебімен жол берді.
Әйелдер құрамасы да құрлық додасындағы жарысын жалғастыруда. Қазақстандық ватерполшылар Сингапурды 21:7 және Шри-Ланканы 25:2 есебімен жеңді. Ал Жапонияға (8:19), Таиландқа (6:9) және Қытайға (7:15) есе жіберді. Команда келесі кездесуін 23 шілдеде Қазақстан уақытымен сағат 09:00-де Өзбекстан құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 25 шілдеге дейін жалғасады.