«Қайрат» сырт алаңда сүрінді

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тағдыры Алматыда шешіледі.

«Қайрат» сырт алаңда сүрінді Қайрат ФК

«Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчында сырт алаңда Кипрдің «Омониясына» 0:1 есебімен есе жіберді.

Кездесу Никосиядағы GSP стадионында өтті. Матчтың 13-минутында алаң иелері есеп ашты. Андреу Панайотис айып алаңы сыртынан дәл соққы жасап, өз командасын алға шығарды.

Ойынның маңызды сәттерінің бірі 34-минутта тіркелді. «Омония» қорғаушысы Лоик Него өрескел ереже бұзғаны үшін бастапқыда сары қағаз алғанымен, VAR көмегімен эпизодты қайта қараған бас төреші оған тікелей қызыл қағаз көрсетті. Осылайша кипрлік клуб матчтың қалған бөлігін он ойыншымен өткізді.

Сан басымдығына ие болған  алматылықтар үзілістен кейін ойын тізгінін толық өз қолына алып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері қарсылас қақпасына жиі қауіп төндіргенімен, есепті теңестіретін мүмкіндіктерін пайдалана алмады - 0:1.

Енді қос команданың тағдыры 29-шілдеде Алматыда өтетін қарымта кездесуде шешіледі. Екі матч қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алып, Болгарияның «Левски» мен Румынияның «Университатя Крайова» жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу