«Торпедо» титулын қорғай ма? Қазақстан Кубогының күнтізбесі жарияланды

Финал 23-тамыз күні Қарағандыда өтеді.

«Торпедо» титулын қорғай ма? Қазақстан Кубогының күнтізбесі жарияланды ашық дереккөзден

Биыл ел кубогы үшін 10 команда таласады. Өткен маусымның қорытынды рейтингіне сәйкес қатысушылар екі топқа бөлінді.

А тобындағы кездесулер Өскеменде өтеді. Бұл топта ел чемпионы елордалық «Номад», жергілікті «Торпедо», көкшетаулық «Арлан», «Алматы» және «Ақтөбе» командалары өнер көрсетеді.

В тобының ойындарын Қарағанды қабылдайды. Бұл топта «Сарыарқа», петропавлдық «Құлагер», рудныйлық «Горняк», атыраулық «Бейбарыс» және павлодарлық «Ертіс» бақ сынайды.

Матчтар кестесіне сәйкес, турнир 14 тамызда басталады. Ашылу күні А тобында ел чемпионы «Номад» «Ақтөбемен» кездессе, кешкі сессияда Өскеменнің «Торпедосы» мен Көкшетаудың «Арланы» өзара мықтыны анықтайды. В тобында «Құлагер» - «Горняк» және «Сарыарқа» - «Ертіс» матчтары өтеді.

Топтық кезең ойындары 19 тамызға дейін жалғасады. Осы аралықта барлық командалар плей-офф жолдамалары үшін өзара кездесулер өткізеді.

Жартылай финалдар 22 тамызда Қарағандыда ұйымдастырылады. Бұл кезеңде В тобының жеңімпазы А тобының екінші орын алған командасымен, ал А тобының жеңімпазы В тобының екінші орын иегерімен кездеседі.

Турнирдің шешуші ойыны 23 тамызда өтеді. Финалда жеңіске жеткен команда 2026 жылғы Қазақстан Кубогының иегері атанады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу