Қазақстандық семсерлесушілер әлем чемпионатының 1/32 финалына жолдама алды

Әлемдік рейтингтің көшбасшыларының бірі Руслан Құрбанов жарысты бірден плей-офф кезеңінен бастайды.

Қазақстандық семсерлесушілер әлем чемпионатының 1/32 финалына жолдама алды kazfencing

Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары іріктеу кезеңін сәтті өткізіп, плей-офф сатысына шықты. Бұл туралы ҚР Сесмерлесу федерациясы мәлім етті. 

Ерлер арасындағы шпага бәсекесінде Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимов 1/128 және 1/64 финалдық кезеңдерден сүрінбей өтті. Проходов алғашқы кездесуінде өзбекстандық Джавахирбек Нұрматовты 0:3 есебінен кейін керемет камбэк жасап, 9:8 есебімен жеңсе, кейін мысырлық Махмуд Эльсаидті 15:9 есебімен тізе бүктірді.

Ал Вадим Шарлаимов Үндістан өкілі Шори Ашвиниді 15:7 есебімен ұтып, кейін швециялық Кристофер Келлиді тартысты кездесуде 11:10 есебімен жеңді.

Ерлік Сертай топтық кезеңде бірде-бір рет жеңілмей, қосымша кездесулерсіз бірден 1/32 финалға жолдама алды. Ал әлемдік рейтингтің үздік 16 спортшысының қатарына кіретін Руслан Құрбанов (№6) Халықаралық семсерлесу федерациясының ережесіне сәйкес іріктеу кезеңінсіз бірден плей-офф кезеңінен жарысты бастайды.

Әйелдер арасындағы қылыш сайысында Карина Доспай, Айгерім Сарыбай және Анастасия Гулик те 1/32 финалға шықты. Доспай гонконгтық Киу Вин Чуды 15:13 есебімен жеңсе, Гулик Италия өкілі Клаудиа Ротилиді 15:14 есебімен ұтты. Ал Сарыбай қытайлық Цзян Вэйден 15:11 есебімен басым түсті.

Әлем чемпионатының 1/32 финалындағы кездесулер 26 шілдеде өтеді. Ал дүбірлі дода 30 шілдеге дейін жалғасады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу