Қазақстандық жасөспірімдер Азия чемпионатында табысты өнер көрсетуде

Бангкоктегі жүзу бәсекелері 25 шілдеге дейін жалғасады.

Қазақстандық жасөспірімдер Азия чемпионатында табысты өнер көрсетуде ашық дереккөзден

Таиланд астанасы Бангкокте өтіп жатқан әртістік жүзуден жас ерекшелік топтары арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнін де табысты аяқтады.

Екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы (ерлер) еркін бағдарламада Виктор Друзин Азия чемпионы атанды. Ал қыздар арасындағы осы бағдарламада Ясмина Исламова қола жүлдені иеленді.

Аралас командалық еркін бағдарламада Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, чемпиондық атақты жеңіп алды. Алтын медальді Сәлима Ақылбек, София Ищенко, Даяна Жаманчалова, Мақпал Қалмұрза, София Харченко, Әйғаным Саим, Анастасия Воронкова, Полина Мерзлякова және Жәнерке Нүркенқызы еншіледі. Резервте Алиша Рафқатова болды.

12 жасқа дейінгі спортшылар арасында да қазақстандықтар жоғары нәтиже көрсетті. Еркін бағдарламада Даниил Сырлыбаев алтын медаль жеңіп алса, қыздар арасындағы жарыста Асия Түсіпова күміс жүлдегер атанды.

Сонымен қатар 12 жасқа дейінгі аралас командалық еркін бағдарламада Жансая Әбдіқадыр, Альмира Баймаханова, Сафия Хамит, Валерия Коструб, Валерия Матвеева, Руссалина Милушева, Назым Саим, Айлин Теребай, Айым Саим және Құралай Шарипова чемпион атанып, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль салды.

Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 9 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль бар.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу