Қазақстандық спортшы әлем чемпионатының финалына шықты
Дуйсбург қаласында өтіп жатқан академиялық ескек есуден әлем чемпионатында Қазақстан намысын бес ескекші қорғап жатыр.
ашық дереккөзден
Германияның Дуйсбург қаласында өтіп жатқан академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Артём Матусевич финалға жолдама алды.
Ұлттық құрама өкілі ерлер арасындағы жеңіл салмақтағы жекелей сындағы жартылай финалда 2000 метр қашықтықты 7:07.75 уақыт көрсеткішімен бағындырып, өз тобында екінші орынға ие болды. Ол мәреге португалиялық Жоао Велосодан кейін жетіп, шешуші кезеңге өтті.
Матусевич іріктеу кезеңінде де екінші орын алып, үздік 12 спортшының қатарына еніп, жартылай финалға тікелей жолдама алған болатын. Былтыр ол Шанхайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында тоғызыншы орын иеленіп, әлемнің үздік он ескекшісінің қатарынан көрінген еді.
Финалда алты спортшы әлем чемпионатының жүлделері үшін таласады.
Дуйсбургтегі әлем чемпионатына 49 елден 600-ден астам спортшы қатысуда.