Әли Ахмедов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды
Қазақстандық боксшы қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.
ашық дереккөзден
Әли Ахмедов Алматы қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Асемахле Веллемді техникалық нокаутпен жеңіп, IBO тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы атанды.
Жекпе-жек барысында қазақстандық былғары қолғап шебері айқын басымдық танытты. Кездесу 12 раундқа есептелген болатын. Екінші раундта Әли Ахмедов қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірсе, үшінші раундта тағы бір дәл соққысымен Веллемді үшінші рет еденге жіберді. Осыдан кейін оңтүстікафрикалық боксшының бапкерлері кездесуді жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде төреші Әли Ахмедовтың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады.
Бұл жекпе-жек Әли Ахмедов үшін жартылай ауыр салмақтағы алғашқы титулдық кездесу болды. Осы жеңістің арқасында қазақстандық боксшы бос тұрған IBO әлем чемпионы атағын иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін Әли Ахмедов WBA Asia чемпиондық белбеуінің иегері атанған болатын. Ал оның қарсыласы Асемахле Веллем жекпе-жекке WBO Africa чемпионы ретінде және қатарынан төрт жеңіспен келген еді. Дегенмен бүгін әлем чемпионы атағы Әли Ахмедовке бұйырып, мансабындағы 26-жеңісті тіркеді.