«Ертіс» сырт алаңда сенсация жасады
«Ертіс» Жезқазғаннан үш ұпаймен қайтты.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында Павлодардың «Ертіс» клубы сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытауын» 2:1 есебімен жеңді.
Есепті 17-минутта қонақтардың шабуылшысы Марко Евтич ашып, павлодарлық команданы алға шығарды. Алайда 38-минутта Давид Мартен таразы басын теңестіріп, «Ұлытауға» үміт сыйлады -1:1.
Бірінші таймға қосылған уақытта «Ертіс» қайта алға шықты. 45+1-минутта Жан Морель По қарсылас қақпасын дәл көздеп, жеңіс голын соқты - 2:1.
Екінші таймда алаң иелері есепті теңестіруге бар күшін салғанымен, павлодарлықтардың қорғанысы сенімді ойын көрсетіп, есепті матч соңына дейін сақтап қалды.
Осылайша, биыл ғана Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралған бес дүркін ел чемпионы «Ертіс» «Ұлытауды» жеңіп, маусымдағы маңызды жеңістерінің біріне қол жеткізді.