Теннистен ел чемпиондары анықталды
Бір аптаға созылған тартысты бәсеке бүгін мәресіне жетті.
ашық дереккөзден
Астана қаласында 20-26 шілде аралығында Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард корттарында ересектер арасындағы теннистен Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты өтті.
Ел біріншілігі аясында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей және жұптық сайыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Әйелдер арасындағы жекелей сында Алматы қаласының өкілі Іңкәр Дүйсебай чемпион атанды. Екінші орынды Астана қаласынан Сандуғаш Кенжибаева, үшінші орынды Ақтөбе облысының спортшысы Ева Корышева иеленді.
Ерлер арасындағы жекелей сында Ақтау қаласының теннисшісі Даниял Рахметуллаев жеңімпаз атанды. Күміс жүлдеге Қызылорда облысының өкілі Ерасыл Ерділда, қола жүлдеге Ақтөбе облысынан Мансұр Сайынов қол жеткізді.
Әйелдер арасындағы жұптық сында Алматы қаласының спортшылары Асылжан Арыстанбекова мен Еркежан Арыстанбекова чемпион атанды. Екінші орынды Іңкәр Дүйсебай (Алматы) мен Альбина Кәкенова (Астана) иеленсе, үшінші орын Айя Нүпбай (Алматы) мен Анастасия Крымковаға (Тараз) бұйырды.
Ерлер арасындағы жұптық сында Ерасыл Бахтияр (Астана) мен Ерасыл Ерділда (Қызылорда облысы) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Күміс жүлдені астаналық Ілияс Маратұлы мен Ислам Орынбасар, ал қола жүлдені алматылық Тимур Сауленко мен Арсений Требухин жеңіп алды.
Айта кетейік, жазғы чемпионаттың жеңімпаздарына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріледі.