FIFA 2026 жылғы әлем чемпионатының ең үздік голын анықтады
Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Эльдор Шомуродовтың әлем чемпионатында соққан голы екінші орынға ие болды.
ашық дереккөзден
Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) жанкүйерлер дауыс беруінің қорытындысы бойынша Кабо-Верде құрамасының қорғаушысы Сидни Кабралдың Аргентина қақпасына соққан добы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ең әдемі голы деп танылды.
Кабо-Верде құрамасы турнирдің 1/16 финалында Аргентинамен кездесіп, қосымша уақытта 2:3 есебімен жеңілген болатын. Матчтың 103-минутында Сидни Кабрал керемет гол соғып, есепті теңестірген еді. Дәл осы гол жанкүйерлердің ең жоғары бағасына ие болды.
Дауыс беру нәтижесі бойынша Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Эльдор Шомуродовтың голы екінші орынға, ал Гаити құрамасының ойыншысы Вильсон Изидордың добы үшінші орынға жайғасты.
23 жастағы Сидни Кабрал бұл марапаттан кейін өзінің бала күнгі кумирлерінің бірі, бразилиялық аңыз Марселодан құттықтау хабарламасын алғанын айтты.
«Ойыннан кейін басты кумирлерімнің бірі Марселодан хабарлама келді. Ол менің голымды турнирдегі ең үздік гол ретінде таңдағанын жазды. Мен оған алғысымды білдірдім. Ол болса: “Сенің ойыныңды тамашалау өте керемет болды, сен шынымен мықты ойыншысың”, - деді. Мұндай сөздерді естігенде қатты таңғалдым әрі сене алмадым», - деді Кабрал.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канадада өтті. Турнирдің финалында Испания құрамасы Аргентинаны 1:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын.