Қазақстандық жас теннисшілер Алматыдағы халықаралық турнирде 10 медаль жеңіп алды
Спортшыларымыз 3 күміс және 7 қола медаль иеленді.
ашық дереккөзден
Алматы қаласында өткен WTT Youth Contender Almaty 2026 халықаралық турнирі мәресіне жетті. Төрт күнге созылған дүбірлі додада 17 ұлттық федерацияның ең үздік жас үстел теннисшілері бақ сынап, Қазақстан құрамасы ел қоржынына 10 медаль салды.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 3 күміс және 7 қола жүлдені иеленіп, өз алаңындағы беделді халықаралық турнирде жоғары нәтиже көрсетті.
Күміс жүлдені Дулат Ералхан (U13), Назерке Болатбек (U11) және Бақдәулет Нұржан (U11) жеңіп алды.
Ал қола жүлдегерлер қатарында Алан Құрманғалиев (U19), Мария Лукьянова (U15), Олег Яковлев (U13), Дағир Данияров (U11), Амина Тоқпанова (U11), Злата Стадник (U11), сондай-ақ аралас жұптық сында Мария Лукьянова мен Олег Яковлев (U15 Mixed Doubles) бар.
Биылғы WTT Youth Contender Almaty турнирі әлемнің ең дарынды жас теннисшілерін бір арнаға тоғыстырды. Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Өзбекстан, Қытайлық Тайбэй, Малайзия, Қатар және басқа да елдердің өкілдері қатысқан жарыста болашақ жұлдыздар өзара мықтыны анықтады.