Киберспорттың әлемдік жұлдыздары Астанада бас қосады

Астанада өтетін «Болашақ ойындары - 2026» турнирінің басталуына 1 күн қалды.

Киберспорттың әлемдік жұлдыздары Астанада бас қосады ашық дереккөзден

Ертең, 29 шілдеде Астанада цифрлық және дәстүрлі спортты біріктіретін «Болашақ ойындары - 2026» (Games of the Future 2026) халықаралық турнирі басталады.

9 тамызға дейін жалғасатын дүбірлі додада әлемнің 50-ден астам елінен келген 800-ден астам спортшы бақ сынайды. Осылайша елорда 12 күн бойы фиджитал спорттың әлемдік орталығына айналмақ.

Биылғы турнирде ел намысын 11 команда қорғайды. Олар әлемнің үздік киберспортшылары және фиджитал спорт өкілдерімен түрлі дисциплиналар бойынша сынға түседі.

Жарыс бағдарламасына фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал шутер, фиджитал жекпе-жек, фиджитал би, корольдік шайқас (Battle Royale), сондай-ақ MOBA PC және MOBA Mobile бағыттары енген.

Халықаралық турнирдің жарыстары Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, Ұлттық теннис орталығында және «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 29 шілде күні сағат 16:45-те басталады. 

«Болашақ ойындары» - физикалық спорт пен цифрлық технологияны ұштастыратын жаңа форматтағы халықаралық жарыс. Турнирдің басты мақсаты дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіріп, жаңа буын атлеттерінің шеберлігін әлемге таныту.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу