Қазақстандық теннисшілер Asu Open турнирін жеңіспен бастады
Алғашқы кезеңде өнер көрсеткен барлық қазақстандық теннисшілер 2-айналымға жолдама алды.
ашық дереккөзден
Астанада әйелдер арасында World Tennis W15 және ерлер арасында World Tennis M15 санаттары бойынша өтіп жатқан халықаралық Asu Open турнирінің негізгі кезеңі басталды. Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық теннисшілер сәтті өнер көрсетті.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Ева Корышева алғашқы айналымда Үндістан өкілі Аканкша Дилеп Ниттурені 6:2, 7:6 есебімен жеңді. Ал Сандуғаш Кенжібаева тартысты кездесуде ресейлік Мария Михайлованы 5:7, 6:3, 6:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды.
Ерлер арасында да қазақстандық теннисшілер алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады. Әмір Омарханов Украина өкілін 6:3, 6:3 есебімен жеңсе, Дамир Жалғасбай Үндістан теннисшісі Ман Кешарваниді 6:1, 6:2 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Бұдан бөлек, ерлер арасындағы негізгі кезеңде Қазақстан атынан Заңғар Нұрланұлы, Даниял Рахматуллаев, Аңсар Ниетқалиев, Ілияс Маратұлы, Даниэль Тазабеков және Ерасыл Ерділда бақ сынайды.
Айта кетейік, халықаралық Asu Open турнирі Астанадағы Ұлттық теннис орталығының Beeline Arena корттарында өтіп жатыр. Дүбірлі дода 8 тамызда мәресіне жетеді.