Қазақстан құрамасы семсерлесуден алғаш рет әлем чемпионы атанды
Мемлекет басшысы спортшыларды халықаралық аренадағы тамаша жетістігімен құттықтады.
ашық дереккөзден
Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет әлем чемпионы атанды.
Финалда қазақстандық шпагашылар Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, ел қоржынына әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы алтын жүлдені салды. Бұған дейін 2025 жылы Грузияда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алған болатын. Бір жыл ішінде ұлттық команда тағы бір белесті бағындырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Тарихи жеңіске Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимовтан құралған Қазақстан құрамасы қол жеткізді.
Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев семсерлесуден ерлер құрамасын Гонконгта өткен әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтады.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында ел тарихындағы тұңғыш әлем чемпиондығы спортшылардың жоғары шеберлігінің, болаттай берік мінезінің және мықты командалық рухының айқын көрінісі екенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент жеңімпаздар мен бапкерлер құрамына Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.