Астанада алғаш рет «Болашақ ойындары» өтуде
29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында киберспорт, дәстүрлі спорт және заманауи технологияларды тоғыстырған халықаралық «Болашақ ойындары» өтуде.
ашық дереккөзден
Биылғы жарысқа әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысуда. Он екі күн ішінде Қазақстан астанасы фиджитал-спорттың халықаралық орталығына айналып, цифрлық технологиялар мен классикалық спорт түрлерін біріктіретін ерекше форматтағы мультиспорт турнирін қабылдауда.
Қатысушылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, сондай-ақ Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds бойынша сынға түсуде. Ал басты оқиға - салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, турнирдің ресми ашылуына куә болды.
Жарыстың алғашқы күні баскетбол кездесулерімен басталды. Бүгін, Қазақстан уақытымен 14:00-де баскетбол бәсекелері жалғасады.
Айта кетейік, «Болашақ ойындары» цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спортты ұштастыратын жаңа буынның халықаралық турнирі ретінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар мен киберспортшыларды бір алаңға жинап отыр.