«Болашақ ойындарында» PUBG жеңімпаздары анықталды

Астанада алғаш рет «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорт турнирі өтуде.

«Болашақ ойындарында» PUBG жеңімпаздары анықталды ашық дереккөзден

Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары - 2026» халықаралық турнирі аясындағы Battle Royale - PUBG: BATTLEGROUNDS жарысы аяқталды.

Үш күнге созылған бәсекеде әлемнің үздік 16 командасы 15 матч өткізіп, 1 миллион доллар жүлде қорын сарапқа салды. Чемпион соңғы картада анықталды.

Нәтижесінде Қытайдың 17 Gaming командасы 131 ұпаймен жеңімпаз атанды. GAM The Expendables (120 ұпай) екінші, Team Vitality (106 ұпай) үшінші орынға ие болды. Қазақстандық DIGA Esports 59 ұпай жинап, 14-орынға тұрақтады.

Жеңімпаз команда 300 мың доллар сыйақы иеленді. Екінші нәтиже көрсеткен GAM The Expendables 120 мың доллар, Team Vitality 100 мың доллар, ал DIGA Esports 15 мың доллар алды.

17 Gaming ойыншылары PUBG киберспортындағы бәсекелестіктің артып келе жатқанын, алдағы турнирлерде де чемпиондық атақты қорғауға ниетті екенін жеткізді. Ал қазақстандық DIGA Esports ойыншысы Санжар Қалиев әлемнің үздік командаларымен бәсекелесіп, алғашқы ірі халықаралық турнирде 14-орын алу жаман нәтиже емес екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ ойындары - 2026» турнирі Астанада 9 тамызға дейін жалғасады. Жарыстыңалпы жүлде қоры 4,65 миллион доллар.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу