Рафаэль Уразбахтин: «Левскиді» толық зерттедік»
Алғашқы матч бүгін, 4-тамыз күні Софияда өтсе, қарымта ойын 11-тамызда Түркістанда ұйымдастырылады.
ашық дереккөзден
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі Болгарияның «Левски» клубына қарсы алғашқы матч қарсаңында қарсылас туралы пікір білдірді.
Маманның айтуынша, алматылық ұжым қарсыласты жан-жақты зерттеп, оның күшті тұстарын жақсы біледі.
- Бізді өте маңызды матч күтіп тұр. Себебі өте мықты қарсыласпен кездесеміз. «Левскидің» әлеуетін жақсы түсінеміз әрі команданы егжей-тегжейлі зерттеп үлгердік. Бұған жеткілікті уақыт болды, – деді Уразбахтин.
Бас бапкердің айтуынша, өткен маусымда Болгария чемпионы атанған «Левскидің» бұл жетістігі кездейсоқ емес.
- Болгария футболында ұзақ жылдар бойы «Лудогорец» үстемдік етті. Алайда «Левскидің» чемпион болуы заңды нәтиже. Олардың шабуыл шебі өте жылдам әрі қауіпті. Қалай ойнайтынын, кімдерге сүйенетінін жақсы білеміз. Қарсыласты құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз, - деді ол.
Сонымен қатар Уразбахтин Софиядағы жанкүйерлердің қызу қолдауына да тоқталды. Оның айтуынша, «Қайрат» футболшылары бұған дейін де 50-60 мың көрермен жиналған стадиондарда ойнаған тәжірибелі команда.
Сондай-ақ бапкер Қазақстан мен Болгария футболын байланыстыратын тарихи тұлғаларды еске алды. Ол кезінде «Левски» мен «Астананы» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарған Станимир Стоиловтың еңбегін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстанда жұмыс жасаған Димитар Димитров пен Николай Костовты да тілге тиек етті.
Уразбахтин жауапты кездесудің Алматыда емес, Түркістанда өтетініне де пікір білдірді.
- Әрине, Алматыда ойнасақ, өз жанкүйерлеріміздің қолдауына сенер едік. Бірақ жағдайды қабылдап, екі матчқа да тыңғылықты дайындалуымыз керек, - деді маман.
Бас бапкер клубтың трансферлік жұмыстары жалғасып жатқанын да жеткізді. Оның сөзінше, команда құрамында легионерге арналған бір бос орын бар және клуб өз ойын үлгісіне сай келетін футболшы іздестіруде.
Соңында Уразбахтин жас ойыншы Исмаил Бекболаттың өнеріне жоғары баға берді.
- Исмаил соңғы матчтарда өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Чемпиондар лигасындағы голы оның әлеуетін дәлелдеді. Мұндай ойындар жас футболшының дамуына үлкен тәжірибе береді, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайрат» Кипрдің «Омониясын» пенальти сериясында жеңіп Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алған болатын.