Астанада әлемге әйгілі PSG Academy футбол академиясы ашылады
Академияның барлық бапкерлері PSG Academy бағдарламасы бойынша арнайы дайындықтан өтіп, ПСЖ клубының техникалық мамандарынан тұрақты әдістемелік қолдау алады.
ашық дереккөзден
Қыркүйек айында Астанада Францияның атақты «Пари Сен-Жермен» футбол клубының ресми академиясы - PSG Academy Kazakhstan өз жұмысын бастайды. Осылайша Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел атанады.
Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сай жабық футбол алаңы жас спортшыларға жыл он екі ай бойы, ауа райына тәуелсіз жаттығу жасауға мүмкіндік береді.
Алғашқы маусымда академия 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдайды. Тәрбиеленушілер жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлініп, «Пари Сен-Жермен» клубының ресми оқу-жаттығу бағдарламасы бойынша дайындалады.
Айта кетейік, 2005 жылы құрылған PSG Academy бүгінде әлемдегі ең ірі футбол академияларының бірі саналады. Қазіргі таңда академияның әлемнің 24 елінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 50 мыңнан астам жас футболшы білім алып, шеберлігін шыңдайды.