Елена Рыбакина Торонтодағы жарысты бастайды

Қазақстандық теннисшінің әлемнің бірінші ракеткасы атануға мүмкіндігі бар.

Елена Рыбакина Торонтодағы жарысты бастайды ашық дереккөзден

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина бүгін, 5-тамызда Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирде алғашқы матчын өткізеді. Рейтингі жоғары болғандықтан, Елена жарысты бірден екінші айналымнан бастайды. 

Рыбакина бұл кезеңде әлемдік рейтингте 61-орында тұрған аустралиялық Дарья Касаткинамен кездеседі. Матчтың тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 21:30-да басталады.

Биылғы Торонто турнирінің жүлде қоры 7,43 миллион долларды құрайды. Чемпион атанған теннисші 1 085 220 доллар сыйақы алып, әлемдік рейтингке 1000 ұпай еншілейді.

Сонымен қатар бұл турнир Елена Рыбакина үшін тарихи мүмкіндікке айналуы мүмкін. Қазіргі уақытта қазақстандық спортшы WTA рейтингінде 8056 ұпаймен екінші орында тұр. Көш басында 8550 ұпайы бар Арина Соболенко келеді.

Егер Рыбакина Торонтодағы турнирде чемпион атанса, оның еншісінде 8666 ұпай болады. Алайда әлемнің бірінші ракеткасы атану үшін Соболенко жарысты 1/8 финалына дейін аяқтауы қажет. Егер Беларусь өкілі төртінші айналымға дейін жетсе, 8670 ұпаймен рейтингтің көшін сақтап қалады.

Осылайша, Торонто турнирі Елена Рыбакина үшін тек кезекті WTA 1000 жарысы ғана емес, әлемдік рейтингтің шыңына көтерілуге мүмкіндік беретін аса маңызды дода болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу