Рыбакина Торонтодағы турнирді жеңіспен бастады

Елена Рыбакина әйгілі Дарья Касаткинаны тізе бүктірді.

Рыбакина Торонтодағы турнирді жеңіспен бастады ашық дереккөзден

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирді жеңіспен бастап, үшінші айналымға жолдама алды.

Екінші айналымда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 61-орында тұрған аустралиялық Дарья Касаткинамен кездесіп, тартысты матчта үш сет қорытындысы бойынша 6:3, 5:7, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 2 сағат 35 минутқа созылды.

Жоғары рейтингінің арқасында Рыбакина жарысты бірден екінші айналымнан бастады. Алғашқы сетте қазақстандық спортшы ойын тізгінін өз қолында ұстап, 6:3 есебімен басым түсті. Екінші партияда Касаткина қарымта қайтарып, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Алайда шешуші сетте Рыбакина мінез танытып, 6:4 есебімен матчты өз пайдасына аяқтады.

Енді төртінші айналымға шығу үшін Елена Рыбакина АҚШ өкілі, әлемнің 31-ракеткасы Энн Лимен кездеседі. 

Айта кетейік, жарыстың жалпы жүлде қоры 7,43 миллион АҚШ долларын құрайды. Турнир жеңімпазы 1 085 220 доллар сыйақы алып, WTA рейтингінің 1000 ұпайына ие болады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу