Алан Құрманғалиев WTT Youth Contender Spokane турниріне қатысады
Турнир бүгін, 6-тамыз Қазақстан уақыты бойынша 19:00-де басталады.
ашық дереккөзден
6-9 тамыз аралығында АҚШ-тың Спокан қаласында үстел теннисінен WTT Youth Contender Spokane 2026 халықаралық турнирі өтеді. Жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас әрі дарынды спортшыларды бір алаңға жинайды.
Қазақстан намысын бұл додада еліміздің ең талантты үстел теннисшілерінің бірі Алан Құрманғалиев қорғайды.
Турнир The Podium спорт кешенінде ұйымдастырылады және WTT Youth Series күнтізбесіне енген. Мұнда жасөспірімдер U11, U13, U15, U19 жас санаты бойынша рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.
Биылғы жарысқа Аустралия, Канада, Қытай Тайбэйі, Қазақстан, Парагвай және АҚШ спортшылары қатысады. Халықаралық бәсекеде Алан Құрманғалиевтің өнер көрсетуі оған әлемдік рейтингтегі орнын жақсартуға және тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.