«Тобыл» Белградта жеңіліс тапты
«Партизанға» қарсы қарымта матч 13-тамыз күні Қостанайда өтеді.
ашық дереккөзден
Қостанайдың «Тобылы» УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында сырт алаңда Белградтың «Партизанынан» 0:3 есебімен жеңілді.
Кездесу барысында алаң иелері басымдық танытып, есепті 33-минутта сенегалдық шабуылшы Демба Сек ашты. Екінші таймның 65-минутында ганалық Ибрахим Зубайру есеп айырмасын ұлғайтса, қосымша уақыттың 90+4-минутында Шака Траоре матчтың нүктесін қойды. Осылайша, үш голды да африкалық шабуылшылар соқты.
Қарымта кездесу 13-тамыз күні Қостанайда өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда плей-офф кезеңінде Испанияның «Хетафесімен» кездесіп, Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдаманы сарапқа салады. Ал осы жұпта жеңілген клуб еурокубоктардағы жорығын аяқтайды.