Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды

Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионы жаттықтыратын болды.

Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды ашық дереккөзден

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне нидерландылық маман Джон ван ’т Шкиптің кандидатурасын ұсынды.

Тараптар ұлттық құраманы жаттықтыру жөнінде келісімге келген. Алайда маманның ресми тағайындалуы ҚФФ жарғысына сәйкес Атқарушы комитеттің келісімінен кейін ғана рәсімделеді. Келісімшарт комитет отырысынан соң қол қойылады.

Джон ван ’т Шкип футболшы ретінде Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланды құрамасының сапында 1988 жылғы Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанған.

Бапкерлік мансабында «Аякс», «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» клубтарын жаттықтырды. 2016 жылы «Мельбурн Ситимен» бірге Аустралия кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарған.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлер штабы да жасақталды. Бас бапкердің көмекшілері болып Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов тағайындалса, қақпашылармен Юрий Новиков, дене даярлығы бойынша Вадим Боровский, ал сарапшы бапкер ретінде Тимур Құсайынов жұмыс жасайтын болады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу