Елена Рыбакинаның Торонто турниріндегі келесі қарсыласы анықталды
Елена Рыбакина Торонто турнирінде чемпиондыққа қол жеткізсе, әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
ашық дереккөзден
Қазақстандық теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің төртінші кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды.
Рыбакинаның келесі қарсыласы ресейлік Людмила Самсонова. Ол үшінші айналымда Аустралия өкілі Майя Джойнтпен кездесіп, үш сетке созылған тартысты матчта жеңіске жетті - 7:5, 6:7, 6:2.
Айта кетейік, Елена Рыбакина бұған дейін Торонто турнирінде америкалық Энн Лиді 6:2, 7:5 есебімен жеңген болатын.
Торонто қаласындағы жарыс хард төсенішті кортта өтуде. WTA-1000 турнирінің жалпы жүлде қоры 7 433 076 долларды, яғни шамамен 3,5 миллиард теңгені құрайды.