«Ордабасы» Талдықорғанда ірі жеңіске жетті
«Ордабасы» «Жетісуды» ойсырата жеңіп, көшбасшылығын нығайтты.
ашық дереккөзден
Қазақстан премьер-лигасының 21-турында Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады. Кездесу қонақтардың ірі жеңісімен аяқталып, «Ордабасы» қарсылас қақпасына жауапсыз төрт гол соқты - 0:4.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ фаворит атанған шымкенттік клуб ойын тізгінін өз қолына алды. «Ордабасының» шабуылы 18-минутта нәтиже берді. Эльхан Астанов бұрыштамадан кейінгі допқа бірінші болып жетіп, баспен соққы жасап, есеп ашты - 0:1.
Екінші тайм бастала салысымен қонақтар есеп айырмасын ұлғайтты. «Жетісу» қақпашысы Степан Сикачтың қателігін пайдаланған Леонардо Натель Виера 46-минутта командасының екінші голын соқты.
Кездесудің соңына қарай «Ордабасы» тағы екі рет мергендік танытты. 78-минутта Сұлтанбек Астанов есепті 0:3-ке жеткізсе, араға екі минут салып Эвертон Маседо төртінші голды соғып, ойынның нүктесін қойды 0:4.
Осы жеңістен кейін «Ордабасы» 49 ұпай жинап, Қазақстан чемпионатының турнирлік кестесінде көш бастады. Ал «Жетісу» 19 ұпаймен 14-орында тұр.
Келесі турда «Жетісу» сырт алаңда елордалық «Жеңіспен» кездессе, «Ордабасы» өз алаңында Өскеменнің «Алтайын» қабылдайды. Екі матч та 15-тамызда өтеді.