Елордалық команданың велошабандозы «Польша турында» көш бастады

3-тамыз күні басталған велодода 9-тамыз күні мәресіне жетпек.

Елордалық команданың велошабандозы «Польша турында» көш бастады ашық дереккөзден

XDS Astana Team командасының велошабандозы Кристиан Скарони «Польша турының» алтыншы кезеңінде екінші орын иеленіп, жарыстың жалпы есебінде көш бастады.

Татра тауларында өткен 125,5 шақырымдық кезеңде Visma | Lease a Bike командасының велошабандозы Луи Барре кәсіби мансабындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ол мәреге 3 сағат 9 минут 3 секунд нәтижесімен жетті.

Кезең барысында спортшылар Буковина тауынан бірнеше рет өтті. Ұзындығы 2,5 шақырым болатын бұл өрлеу жарыстың шешуші сәттерінің біріне айналды.

Алдымен колумбиялық Сантьяго Буйтраго шабуылға шықты. Оны қуып жеткен Луи Барре кейін онымен бірге алға ұзап кетті. Финалға жақындағанда Барре кезекті шабуыл жасап, қарсыласынан ұзап, басымдығын мәреге дейін сақтап қалды.

Кристиан Скарони жеңімпаздан 10 секундқа қалып, кезеңді екінші орынмен аяқтады. Осы нәтижесінің арқасында елордалық команданың велошабандозы жалпы есепте көш бастады.

Қазір Скарони ең жақын қарсыласы Луи Барреден 3 секундқа, ал үшінші орында тұрған Барт Лемменнен 5 секундқа озып тұр.

«Польша турының» жеңімпазы 9-тамызда өтетін соңғы кезеңнен кейін анықталады. Велошабандоздар 12,5 шақырымдық жекелей уақытқа арналған жарысқа қатысады. Бұл кезең жалпы есептегі жеңімпазды анықтайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу