Қазақстан футбол федерациясы басшылығы «Астана» - «Оқжетпес» матчын тамашалады
«Астана» турнир кестесінде үшінші орнын сақтап қалды.
ашық дереккөзден
Астанада Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры аясында «Астана» мен «Оқжетпес» командалары кездесті. «Астана Аренада» өткен матчта елордалық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Кездесуде есепті алғаш болып қонақтар ашты. 20-минутта украиналық қорғаушы Борис Лотоцький бұрыштамадан кейінгі шабуылға сәтті қосылып, «Астананың» қақпасын дәл көздеді.
Елордалық команда 28-минутта таразы басын теңестірді. Хорватиялық қорғаушы Карло Бартолец оң қанаттағы әдемі комбинацияны дәл соққымен аяқтап, есепті 1:1-ге жеткізді.
Бірінші тайм аяқталуға бес минут қалғанда «Астана» алға шықты. Бауыржан Исламханның соққысынан кейін Марин Томасов допты қайтарып алып, командасына жеңіс голын сыйлады.
Осылайша, «Астана» 38 ұпайға жетіп, турнир кестесінде үшінші орнын сақтап қалды. Елордалық клубтың еншісінде «Оқжетпеске» қарағанда бір ойын кем бар. Көкшетаулық команда 33 ұпаймен төртінші орында келеді.
Матчты Қазақстан футбол федерациясының басшылығы мен ұлттық құраманың бапкерлер штабы да тамашалады. «Астана Аренаға» ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн, техникалық директор Геннадий Скуртул, ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне ұсынылған нидерландтық маман Джон ван ’т Шкип, сондай-ақ жаттықтырушылар Нұрбол Жұмасқалиев, Елдос Ахметов, Юрий Новиков, Вадим Боровский және сарапшы бапкер Тимур Құсайынов келді.
Мұндай кездесулер ұлттық құрамаға үміткер футболшылардың өнерін тікелей бақылап, олардың қазіргі спорттық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Матч барысында Джон ван’т Шкип екі команданың ойынын жіті бақылап, футболшылардың алаңдағы әрекеттеріне назар аударды.
ҚПЛ-ның келесі турында «Астана» сырт алаңда петропавлдық «Қызылжармен» кездеседі. Ал «Оқжетпес» Түркістанда «Атырауға» қарсы ойнайды. Екі матч та 16 тамызда өтеді.