Соня Жиенбаева Испанияда өткен турнирдің чемпионы атанды
Финалда қазақстандық теннисші болгариялық Изабелла Шиникованы тізе бүктірді.
Соня Жиенбаева жеке парақшасынан
Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева Испанияның Оренсе қаласында өткен W75 санатындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Финалдық кездесуде әлемдік рейтингте 738-орында тұрған Жиенбаева Болгария өкілі, WTA рейтингінде 442-сатыда тұрған Изабелла Шиниковамен кездесті.
1 сағат 51 минутқа созылған тартысты матч үш сетке жалғасып, қазақстандық теннисшінің жеңісімен аяқталды. Соня Жиенбаева қарсыласын 7:6 (7:2), 3:6, 6:1 есебімен жеңді.
Осылайша, Жиенбаева мансабында алғаш рет World Tennis W75 деңгейіндегі турнирде чемпион атанды.
Қазақстандық теннисшінің бұған дейінгі жетістіктері қатарында W15 санатындағы екі титул бар. Ол 2024 жылы Мадрид пен Антальяда өткен жарыстарда жеңімпаз атанған.