Дастан Сәтпаев «Челсидің» Малайзиядағы матчында алаңға шықты

Қосалқы құрамда болған Дастан Сәтпаев алаңға 87-минутта шықты.

Дастан Сәтпаев «Челсидің» Малайзиядағы матчында алаңға шықты ашық дереккөзден

Лондондық «Челси» Малайзияның «Джохор» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:3 есебімен тең түсті.

Матч Малайзияның Искандар-Путери қаласындағы «Сұлтан Ибраһим» стадионында өтті. Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев кездесуді қосалқы құрамда бастап, 87-минутта алаңға шықты. Сол сәтте есеп алаң иелерінің пайдасына 3:2 еді.

Кездесудегі есепті 14-минутта Афиф Айман ашты. Бірінші таймның соңында, 43-минутта Лиам Делап пенальтиден гол соғып, таразы басын теңестірді. 62-минутта Делап тағы бір 11 метрлік соққыны дәл орындап, «Челсиді» алға шығарды.

Алайда 65-минутта Оскар Аррибас есепті теңестірді. 87-минутта Бергсон «Джохорды» қайта алға шығарғанымен, екі минуттан кейін алаң иелерінің ойыншысы Антонио Кристиан автогол соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 3:3.

Бұл кездесу Дастан Сәтпаев үшін «Челсидің» турнесіндегі төртінші ойын болды. Бұған дейін 17 жастағы қазақстандық футболшы аустралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс», ағылшындық «Тоттенхэм» және италиялық «Ювентус» командаларына қарсы матчтарға қатысқан. 

Айта кетейік, бүгінгі кездесу лондондық клубтың Аустралия мен Азиядағы турнесіндегі соңғы матчы болды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу