Астанада «Болашақ ойындары - 2026» турнирі аяқталды
Турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион 650 мың АҚШ долларын құрады.
ашық дереккөзден
Астанада 29 шілдеде басталған «Болашақ ойындары - 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі өз мәресіне жетті. Жарыс 9 тамызға дейін жалғасып, дәстүрлі спорт пен киберспортты заманауи цифрлық технологиялармен біріктірген фиджитал форматта өтті.
Жарыстың соңғы күнінде фиджитал футболдан чемпион анықталды. Финалда NS Team мен Quetzales-Armadillos командалары кездесті. Алдымен цифрлық кезеңде Quetzales-Armadillos 1:0 есебімен басым түсті. Алайда алаңдағы ойында NS Team 3:2 есебімен жеңіске жетіп, жалпы есепті теңестірді. Негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталған соң, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Онда NS Team 4:3 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алды. Үшінші орынды FC Olympic Phygital иеленді.
Mobile Legends: Bang Bang дисциплинасының финалында Bigetron by Vitality командасы ONIC-ті 3:1 есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанды. Үшінші орын Aurora Gaming командасына бұйырды.
Биылғы «Болашақ ойындары» аясында барлығы сегіз фиджитал дисциплина бойынша жеңімпаздар анықталды. Фиджитал баскетболда Wilders, Dota 2-де PlayTime, фиджитал биде Franco Vitali, CS 2 бойынша Team KZ, фиджитал жекпе-жекте Archangel Michael, фиджитал футболда NS Team, Mobile Legends: Bang Bang-те Bigetron by Vitality, ал PUBG: BATTLEGROUNDS дисциплинасында 17 Gaming чемпион атанды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысты өткізуге төрт нысан, 528 ойын құрылғысы және 500-ден астам ойын орны жұмылдырылған. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне 800 волонтер атсалысты.
Осылайша, Астанада өткен «Болашақ ойындары - 2026» дәстүрлі спорт, киберспорт және цифрлық технологияларды бір алаңда тоғыстырған ауқымды халықаралық жоба ретінде өз мәресіне жетті.