Ахмади Маханов Венада алғаш рет J100 турнирінің чемпионы атанды
Қазақстандық жас теннисші жұптық сында өнер көрсетті.
ktf.kz
Ахмади Маханов Аустрияның Вена қаласында өткен World Tennis J100 санатындағы халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
15 жастағы қазақстандық спортшы жарыста жұптық сында жергілікті теннисші Леандер Таубермен бірге өнер көрсетті.
Финалда Маханов пен Таубер норвегиялық Пол Хьортеланд пен Николай Шибанимен кездесті. Алғашқы партияда норвегиялық теннисшілер 6:4 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте Маханов пен Таубер таразы басын теңестіріп, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Чемпионды анықтау үшін тай-брейк ойналып, онда қазақстандық-аустриялық жұп 10:5 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін қазақстандық теннисші J60 санатындағы үш турнирде Чэнду, Қарағанды және Андижанда жеңіске жеткен. Сонымен қатар Манамада өткен J30 жарыстарында екі рет чемпион атанған.