Алматыда университеттер арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды

Қазақстандық команда әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.

Алматыда университеттер арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды KazChess

Алматыда алғаш рет өткен FIDE World University Team Chess Championship 2026 командалық әлем чемпионаты мәресіне жетті. Турнир қорытындысы бойынша Ural State Mining University командасы чемпион атанса, АҚШ-тың Saint Louis University ұжымы күміс жүлдеге ие болды. Ал үшінші орынды Қазақстанның Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) командасы жеңіп алды.

Қола жүлде үшін болған тартыста KNUS командасы АҚШ-тың University of Texas at Dallas құрамасымен кездесті. Алғашқы матчта америкалықтар 2,5:1,5 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы сапында Арыстан Исанжулов жеңіске жетсе, Қазыбек Нөгербек қарсыласымен тең түсті.

Екінші матчта KNUS дәл осындай есеппен жеңіске жетіп, жалпы есепті теңестірді. Қазақстандықтардан Арыстан Исанжулов пен Меруерт Камалиденова жеңіске жетсе, Қазыбек Нөгербек тең нәтиже көрсетті.

Осыдан кейін үшінші орынның тағдыры тай-брейкте шешілді. Командалар 3+2 уақыт бақылауымен блиц ойынында күш сынасты. Қазақстандық команда 2:2 есебімен тең түскеннен кейін, жеңімпазды анықтау үшін армагеддонға өтті.

Шешуші партияда KNUS атынан Қазыбек Нөгербек, ал University of Texas at Dallas сапынан Самант Адитья ойнады. Нәтижесінде қазақстандық гроссмейстер жеңіске жетіп, KNUS командасына әлем чемпионатының қола жүлдесін алып берді.

Ал чемпиондық атақ үшін болған финалда Ural State Mining University командасы Saint Louis University-ді екі матчтың қорытындысы бойынша 2,5:1,5 есебімен жеңді. Ресейлік университетке шешуші ұпайларды халықаралық мастер Лея Гарифуллина әкелді. Ол екі кездесуде де әйелдер арасындағы гроссмейстер Талия Сервантес Ландейродан басым түсті.

Турнирге әлемнің 49 елінен 79 университеттік команда қатысып, жарыстың финалдық кезеңіне 16 ұжым жолдама алды. Олардың сегізі онлайн іріктеу арқылы анықталса, қалған сегіз команда ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен келген.

FIDE World University Team Chess Championship тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстандық KNUS командасының қола жүлдесі турнирдің алғашқы чемпионатындағы ел қоржынына түскен тарихи медаль болды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу