World Boxing ұйымына алты жаңа ұлттық федерация қосылды

World Boxing құрамындағы ұлттық федерациялар саны 184-ке жетті.

World Boxing ұйымына алты жаңа ұлттық федерация қосылды ашық дереккөзден

Қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы алты елдің бокс федерациясын мүшелікке қабылдады. Жаңа мүшелер қатарында Чад, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Либерия, Кувейт және Йемен бар.

Бұл федерациялар ұйымға кіру үшін қажетті талаптардың барлығынан өтті. Олар ашық сайлау жүйесі, допингке қарсы ережелер және спортшылар мен ұйымдар арасындағы дауларды шешу тәртібі бойынша талаптарға сай екенін көрсетті.

Жаңа федерациялардың қосылуымен World Boxing құрамындағы ұлттық федерациялар саны 184-ке жетті. Оның ішінде 122 федерация толыққанды мүше болса, 61 федерация уақытша «мақұлданған мүше» мәртебесінде. Тағы бір федерация қауымдастырылған мүше болып саналады.

Чад, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Либерия, Кувейт және Йемен федерациялары әзірге «мақұлданған мүше» мәртебесін алды. Олар World Boxing жарыстарына қатыса алады. Бірақ 2026 жылғы Конгресте дауыс беру құқығына ие болмайды.

Олардың толыққанды мүше болуы 20 қарашада Панамада өтетін World Boxing Конгресінде шешіледі. Егер егер құжаттар ресми бекітілсе, федерациялар 2027 жылдан бастап ұйымның Конгрестерінде дауыс бере алады.

Айта кетейік, World Boxing 2023 жылы құрылған. 2025 жылғы ақпанда Халықаралық Олимпиада комитеті ұйымға Олимпиада қозғалысы аясында боксты басқаратын халықаралық федерация ретінде уақытша мойындау мәртебесін берген.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу