Қазақстандық ауыр атлетшілер Азия чемпионатында топ жарды
Ташкент төрінде көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалды.
ашық дереккөзден
Ауыр атлетикадан Ташкентте өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп жатыр.
61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Ксения Прозорова Азия чемпионы атанды. Спортшы жұлқа көтеруде 94 келіні бағындырып, Азия және әлем рекордтарын жаңартты. Бұл жаттығуда екінші орынды Иран спортшысы, үшінші орынды Өзбекстан өкілі иеленді.
Прозорова жарыс қорытындысы бойынша екі алтын медаль жеңіп алып, үш әлемдік және үш Азия рекордын жаңартты.
Ал 57 келіге дейінгі салмақта 15 жастағы Снежана Қашқарова жұлқа көтеруде 88 келі, серпе көтеруде 112 келі көтеріп, қос сайыста 200 келі нәтиже көрсетті. Осы көрсеткіштердің барлығы Азия және әлем рекордын жаңартты.
Қашқарова жарыста бес алтын медаль иеленіп, 17 жасқа дейінгі және 20 жасқа дейінгі қыздар арасында Азияның абсолютті чемпионы атанды.
61 келіге дейінгі салмақта тағы бір қазақстандық спортшы Инсана Рашидова да чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ол жұлқа көтеруде 83 келі, серпе көтеруде 100 келі көтеріп, қос сайыста 183 келі нәтиже көрсетті.
Бұл салмақта Қазақстан тағы бір жүлдеге ие болды. Нурсила Берікбол 176 келі (77+99) нәтижесімен қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, 7-тамыз басталған сары құрлық бәсекесі 14-тамызға дейін жалғасады. Жарыста 30 елден келген 305 спорты сынға түсуде. Қазақстан атынан 28 зілтемірші өнер көрсетуде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ерлер арасында Бейбарыс Ерсейіт Азия рекордын жаңартып, чемпион атанған болатын.