«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады
Енді алматылық ұжым Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді.
ашық дереккөзден
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасы іріктеуінің үшінші кезеңіндегі жауапты матчта Софияның «Левски» командасына жол берді.
Түркістанда өткен кездесуде болгариялық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз гол 13-минутта соғылды. «Левски» ойыншысы Рейналдо допты алаңның ортасынан алып шығып, айып алаңына кірмей-ақ қақпаға дәл соққы бағыттады. «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков бұл соққыны қайтара алмады.
Ойынның қалған бөлігінде екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда кездесудің есебі өзгерген жоқ.
Осылайша, «Қайрат» екі матчтың қорытындысы бойынша 0:2 есебімен жеңіліп, Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады. Енді алматылық ұжым Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді. Ал «Левски» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығу үшін Грекияның АЕК клубымен кездеседі.
«Қайраттың» келесі қарсыласы ПАОК - «Андерлехт» жұбының жеңімпазы болады.