Қазақстан құрамасының бас бапкері ойыншыларға қойылатын басты талаптарды атады
Қазақстан құрамасының басты мақсаты - Ұлттар лигасында жоғары нәтиже көрсету.
ашық дереккөзден
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип отандық футболшыларды бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Нидерландылық маман УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі «Қайрат» пен болгариялық «Левски» арасындағы матчты тамашалап, ұлттық құрамаға ойыншыларды іріктеу талаптары туралы айтты.
Ван ’т Шкип Қазақстан футболымен ең алдымен матчтарды көру арқылы танысып жатқанын жеткізді. Ол жаттықтырушылар штабы және Қазақстан футбол федерациясының қызметкерлерімен кездесіп, футболшылардың ойындарын көрсететін бейнематериалдарды да зерттеп жүр.
Бас бапкердің айтуынша, ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін кез келген футболшы өз мүмкіндігін көрсете алады.
«Өздерін көрсете алатын және ұлттық құрамаға шақырту алуға лайықты басқа футболшылардың бар-жоғын білгіміз келеді. Ұлттық құраманың есігі барлығына ашық. Кез келген ойыншы өз ойынымен лайық екенін дәлелдесе, мүмкіндік ала алады», - деді бас бапкер.
Ван ’т Шкип ойыншыларды бағалауда физикалық дайындыққа да ерекше мән беретінін атап өтті. Себебі ұлттық құрама қысқа уақыт ішінде төрт матч өткізуі мүмкін. Сондықтан футболшылардың толық 90 минут бойы немесе кездесудің белгілі бір бөлігінде жоғары деңгейде ойнауға дайын болуы маңызды.
Сонымен қатар бапкер әр позицияда кемінде екі ойыншы болғанын қалайтынын айтты.
Нидерландылық маман осыған дейін «Жетісу» - «Ордабасы» және «Астана» - «Оқжетпес» кездесулерін тамашалаған. Алдағы уақытта «Тобыл» - «Партизан» және «Каспий» - «Елімай» матчтарына баруды жоспарлап отыр.