Бейбіт Жұқаев «Президент кубогын» жеңіспен бастады
Астанадағы ATP Challenger 50 турнирі 16 тамызға дейін жалғасады.
ашық дереккөзден
Астанада Ұлттық теннис орталығының Beeline Arena корттарында ATP Challenger 50 санатындағы халықаралық турнирдің негізгі кезеңі өтуде. Жарыс дәстүрлі «Президент кубогы» аясында ұйымдастырылып отыр.
Жарыстың бірінші айналымында қазақстандық теннисшілер Бейбіт Жұқаев пен Әмір Омарханов кездесті. Бейбіт Жұқаев ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Әмір Омархановты 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды. Жұқаев бес эйс жасап, бес қосарланған қателікке жол берді. Сонымен қатар тоғыз брейк-пойнттың бесеуін тиімді пайдаланды. Омарханов төрт эйс жасап, тоғыз қосарланған қателік жіберді және төрт брейк-пойнттың екеуін жүзеге асырды.
Жарақатына байланысты ұзақ уақыт бойы жарыстарға қатыспаған Бейбіт Жұқаев осылайша турнирдің екінші айналымына өтті. Келесі кезеңде ол Түркия өкілі, әлемдік рейтингте 299-орында тұрған Мерт Алкаямен кездеседі.
Турнирдің алғашқы айналымында Қазақстанның тағы бір өкілі Заңғар Нұрланұлы Қытай теннисшісі, әлемнің 326-ракеткасы Фацзинь Сунмен ойнады. Нұрланұлы бірінші сетте 2:6 есебімен жеңіліп, екінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Алайда шешуші сетте Сун 6:2 есебімен жеңіске жетіп, кездесудің қорытынды есебі 6:2, 3:6, 6:2 болды.
Бүгін, 12 тамызда қазақстандық теннисшілер жұптық сында өнер көрсетеді. Әмір Омарханов Даниял Рахметуллаевпен, Григорий Ломакин Петр Бар-Бирюковпен бірге сынға түседі.