Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазбен жұдырық түйістіреді
Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақта өнер көрсетеді.
ringmagazine
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша суперорта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазға міндетті қарсылас болып тағайындалды. Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымы ресми мәлімдеді.
WBO шешіміне сәйкес, тараптарға жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 күн уақыт берілді. Осыған байланысты Әлімханұлы мен Шираз арасындағы титулдық айқас биыл күзде өтуі мүмкін.
Әлімханұлы орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, суперорта салмаққа көтерілгеннен кейін осындай мүмкіндікке ие болды.
Сонымен қатар WBO Әлімханұлының дисквалификациясын мерзімінен бұрын тоқтатқанын мәлімдеді. Ресми шешімге сәйкес, қазақстандық спортшы қойылған талаптарды орындағаннан кейін оның жазасы 2026 жылғы 10 шілдеде аяқталған.
Енді Әлімханұлы мансабындағы кезекті маңызды белеске қадам басып, жаңа салмақта бірден әлем чемпионының титулына таласуы мүмкін.