Қазақстан құрамасы джиу-джитсудан Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 21 медаль иеленді.

Қазақстан құрамасы джиу-джитсудан Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті ашық дереккөзден

Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында жасөспірімдер, жастар, ересектер мен ардагерлер арасында джиу-джитсудан әлем чемпионаты мәресіне жетті.

Бір аптаға созылған дүбірлі додаға Fighting, Duo, Show және Jiu-Jitsu No-Gi дисциплиналары бойынша 37 елден 1200-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан намысын еліміздің барлық өңірінен барған 194 спортшы қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның ересектер құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 15 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Әлем чемпионатында Болатбек Сейілхан (неваза, -77 кг), Мерей Қабдуллаев (неваза, -85 кг) және Жәнібек Әбу-Бәкір (файтинг, 69 кг) өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанды.

Күміс медальдарды Ажар Салықова (неваза, -70 кг), Данагүл Талғатқызы (неваза, +70 кг) және Айгерім Тореғожина (файтинг, 48 кг) иеленді.

Ал, қола жүлдеге Жібек Құлымбетова, Мариан Журавлёва, Абдулла Батырбек, Адлан Мадаев, Анна Стрельцова, Бекзат Қазтаев, Әли Батырбек, Мақсат Төленді, Ыдырыс Алиев, Жұлдыз Бауыржанқызы, Самат Сарсенұлы, Асылан Қанатбек, Бекзат Баймұратов, Шерхан Жақсылық және Қуандық Есенеев ие болды.

Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы 10 алтын, 7 күміс және 17 қола медальмен бірінші орын алды. Екінші орында - БАӘ (6 алтын, 6 күміс, 2 қола), үшінші орында - Италия (5 алтын, 4 күміс, 4 қола).

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу