Жантілек Нұртілепұлы - «Қазақстан Барысы - 2026» турнирінің жеңімпазы
«Лабақ батыр» лақап атымен өнер көрсеткен Жантілек Нұртілепұлы биылғы турнирдің басты жүлдесін иеленді.
Qazaqstan barysy
Астанада қазақ күресінен республикалық «Қазақстан Барысы - 2026» турнирі мәресіне жетті. Биылғы додада елдің әр өңірінен келген мықты балуандар бас жүлде үшін бақ сынады. Финалда Маңғыстау облысының өкілі Жантілек Нұртілепұлы мен Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбай кездесті. Шешуші белдесуде Нұртілепұлы қарсыласынан басым түсіп, «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алды.
Үшінші орын үшін өткен белдесуде шымкенттік Нұрсұлтан Қожагелдіұлы Қостанай облысының өкілі Алмас Жұмағалиден басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.
Турнир чемпионы «Қазақстан Барысы» атағын, алтын белбеуді, «Тайтұяқ» кубогін және 15 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты алды. Күміс жүлдегерге 3,5 миллион, қола жүлдегерге 1,5 миллион теңге табысталды.