Тарихи оқиға: Қазақстан CP Football-дан алғаш рет әлем чемпионатына қатысады
Қазақстан құрамасының топтық кезеңдегі қарсыластары да белгілі болды.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасы алғаш рет CP Football бойынша IFCPF Men’s World Championships 2026 әлем чемпионатына қатысады. Бұл - отандық парафутбол үшін тарихи оқиға.
Әлем чемпионаты 15-24 тамыз аралығында Англияның Лафборо қаласында өтеді. Қазақстандықтар топтық кезеңде Италия, Кения және АҚШ құрамаларымен кездеседі.
Турнир алдындағы соңғы дайындық кезеңін ұлттық құрама 13-15 тамыз аралығында Астанада өткізді. Жиын барысында футболшылар күніне екі рет жаттығып, теориялық сабақтарға қатысты.
Қазақстан үшін бұл әлемдік аренадағы алғашқы CP Football жарысы болмақ. Ұлттық құраманың турнирге қатысуы ойыншыларға халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп, елдегі парафутболдың дамуына жаңа серпін береді.