«Жеңіс» «Жетісуды» ірі есеппен жеңді
«Жеңіс» - «Жетісу» арасындағы матчты ұлттық құраманың жаңа бас бапкері арнайы келіп тамашалады.
Kazfootball
Астаналық «Жеңіс» Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» ірі есеппен жеңді. «Астана Аренада» өткен кездесу 4:1 есебімен аяқталды.
Елордалық клуб сапынан Андрия Филипович дубль жасады. Ол 13 және 27-минуттарда гол соғып, командасын алға шығарды. Екінші таймда Адилио 55-минутта есепті 3:0-ге жеткізсе, Владислав Наумец 71-минутта төртінші голды соқты.
«Жетісу» сапынан жалғыз голды 76-минутта Марко Зиванович соқты - 4:1.
Осы жеңістен кейін «Жеңіс» 26 ұпай жинап, турнир кестесінде сегізінші орынға көтерілді. «Жетісу» 19 ұпаймен 15-орында тұр.
Айта кетейік, кездесуді Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері, нидерландылық маман Джон ван ’т Шкип пен оның штабындағы ассистент Елдос Ахметов те тамашалады. Ертең мамандар «Каспий» - «Елімай» матчын көру үшін Ақтауға аттанады.