Бүгін - Қазақстанда Спорт күні
Мереке қарсаңында 140-тан астам спорт саласының үздіктері марапатталды.
insports.kz
Бүгін елімізде Спорт күні мерекесі. Биыл бұл атаулы күн 16 тамызға сәйкес келді.
Қазақстанда Спорт күні 2004 жылдан бастап әр жылдың тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Мереке Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен бекітілген.
Бұл күн елдегі спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген спортшыларға, жаттықтырушыларға, ардагерлерге, федерациялар мен спорт ұйымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ отандық спортты ақпараттық тұрғыда насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетуге арналған.
Қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, әлем және Азия чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында және басқа да ірі жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізуде.
Бүгінде елімізде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге, спортшыларды даярлау жүйесін нығайтуға және жаттықтырушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, 13 тамызда Спорт күні қарсаңында елордада спорт саласының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов сала ардагерлеріне, танымал спортшыларға, спорт мамандарына және отандық спортты насихаттауға үлес қосып жүрген БАҚ өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыстады.
Марапаттау рәсімі барысында спорт саласының ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі, ал спорт мамандарына «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Спорт саласының үздігі» және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар бірқатар маман Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.
Бұдан бөлек мерекеге орай еліміздің барлық өңірлерінде 250-ден астам іс-шаралар өтті.
Спорт күні құтты болсын! Ел спортының дамуына үлес қосып жүрген барша спортшыларға, жаттықтырушыларға және сала мамандарына толағай табыс тілейміз!